УАҚЫТ
Уақыттан асқан билік жоқ
Уақыттан озған жүйрік жоқ
Адамға Алла бұйыртқан
Уақыттан қымбат сыйлық жоқ.
Өзіңді-өзің алдама,
Уақытты салма саудаға.
Жиырма төрт сағат берді Алла
Балаға, кемпір-шалға да.
Уақытты жарат пайдаңа,
Қолыңды босқа байлама.
Жиырма төрт сағат ─ сенде де,
Жиырма төрт сағат ─ байда да.
Мейірімін төгіп саған да,
Мүмкіндік берді хақ Алла.
Денсаулық пенен уақытты,
Берген ғой тегін адамға.
Уақытың, ақшаң, табысың,
Жұмсалар бәрі тән үшін.
Ішесің, жейсің, кетеді,
Барлығы қарын қамы үшін.
Барлығы қарын қамы үшін,
Не істедің сонда жан үшін?
Жаныңа бір сәт уақыт бөл,
Бойыңа иман дарысын.
Несіне жанды қинаймыз,
Дүние-байлық жинаймыз.
Бізге өмір берген Аллаға,
Бір сағат уақыт қимаймыз.
Үгітіп, жолға тасталған,
Мына құм – бұрын тас болған.
Уақыты бітсе, мыңжылдық
Жұлдыз да құлар аспаннан!
Жаратқан Алла жар болып,
Жаралдық жоқтан бар болып.
Туғанмен бәрі бала боп,
Өлмейді бәрі шал болып.
Жас өткен сайын кісілер,
Уақыттың сырын түсінер.
Азайып сенен үлкендер,
Көбейер сенен кішілер.
Ойлама бәрін білем деп,
Шалқып та тасып жүрем деп.
Уақытың – алтын қазынаң,
Жұмсауың керек үнемдеп.
Айбының асып тұрса да,
Байлығың тасып тұрса да,
Уақытың – ақшаң қолдағы,
Ақшаңды босқа жұмсама.
Ойланып көрші, жарқыным,
Керек пе қымбат алтының?
Өмірің қалса жарты күн,
Уақытың қалса жарты күн?
Үйдегі затың тоналса,
Қалтаңнан ақшаң жоғалса.
Іздейсің жоқтап, өкініп,
Уайымға батып о қанша?
Ойланбай неге келеміз?
Дүние десе ─ өлеміз.
Уақытың өтсе, жоғалса,
Уайымдамаймыз неге біз?
Жас болып мәңгі жүрмейсің,
Мәңгілік өмір сүрмейсің.
Үнемдеп жұмса уақытты,
Бітеді ол қашан білмейсің.
Алданып жалған бес күнге,
Алдамшы ғұмыр кештің бе?
Жоғалтып алған уақытты,
Бере алмас тауып ешкім де.
Минутты әрбір бағала,
Секундты әрбір сарала.
Уақытты қайда жұмсадың,
Есептеп, үйрет балаңа.
Мен үшін әр күн – ұлы күн,
Құдайға шүкір, тірімін.
Бір минут уақыт деген сөз,
Бір үзік менің ғұмырым.
Уақыт жоқ менде – кектенер,
Қызғанып іштей жек көрер.
Уақыт жоқ менде, уақыт жоқ
Біреуге ренжіп, өкпелер.
Уақыт жоқ менде біреуге,
Жамандық ойлап, тілеуге.
Уақыт жоқ менде, уақыт жоқ
Біреуді сынап-мінеуге.
Уақыт жоқ менде ашуға,
Жылауға, бір сәт жасуға.
Уақыт жоқ менде, қысқасы,
Уақытты босқа шашуға.
Білмейсің, ертең не етесің,
Қай жерге дейін жетесің.
Өмірдің жолын сен қанша,
Уақытта жүріп өтесің?
Ақшаны ойлап, құнықпа,
Күнәға батып, былықпа.
Ұмтыламын деп ертеңге,
Бүгінгі күнді ұмытпа!
Бүгіннен баста барлығын,
Бүгінің – жұмбақ тағдырың.
Ертеңнен емес, бүгіннен
Басталсын сенің әр күнің.
Не істедің бүгін күнімен?
Не істедің бүгін түнімен?
Ісіңнен сол бір не қайыр,
Не пайда соның бірінен?
Өмірдің құнын білдің бе?
Жоқ, босқа өмір сүрдің бе?
Жұмсадың қайда уақытты,
Не істедің осы бір күнде?
Түнімен жүріп көшеде,
Үйіңе жеттің нешеде?
Бір сағат уақыт күн сайын,
Бөлдің бе әке-шешеңе?
Ұйқымен өтті неше күн,
Күлкімен өтті неше күн?
Барғанда Құдай алдына,
Бересің соның есебін.
Қазаққа қарап таң қалам,
Құдайын ойға алмаған.
Уақытын босқа өлтіріп,
Өздерін-өзі алдаған.
Өмірін ойлап талайдың,
Тарихын зерттеп қараймын.
Бір күні босқа өтпепті,
Яссауи, Шоқан, Абайдың.
Неге біз осы, неге біз,
Нәпсіге ғана ереміз?
Бес уақыт намаз оқымай,
Бес сағат кино көреміз?
Өтірік сөзбен, өсекпен,
Жастардың күні-ай бос өткен.
Соткаға қарап, көзі ісіп,
Ояна салып төсектен.
Не деген қызық жандармыз,
Ертеңге сеніп алғанбыз.
Бәрі алда тұрған сияқты,
Күтеміз бәрін алдан біз?
Басамыз сосын әттеңге,
Үлгермей соңғы сәттерде.
Бос өткен уақыт ─ күнә боп,
Жазылар Амал дәптерге.
Ажалың жетсе, өлерсің,
Қиямет күнін көрерсің.
Уақытты босқа өлтірсең,
Сол үшін жауап берерсің.
Өткізбе бекер күн, айды,
Ұмытып кетпе Құдайды.
Қарызға берген уақытын,
Сұрайды ертең, сұрайды.
Берілме бекер құр ойға,
Езілме, босқа мұңайма.
Ойланшы, не істеп отырсың,
Не дейсің ертең Құдайға?
Аспанда тұрған Күн-сағат,
Барлығын байқап тұр санап.
Кірерсің мүмкін жұмаққа,
Сауапқа батсаң бір сағат.
Жақсылық жаса, қайыр қыл,
Ажалың келсе, дайын жүр.
Уақытың өтпей тұрғанда,
Иманың үшiн уайым қыл.
Мейірімі түсіп Құдайдың,
Болсыншы ұзақ жыл, ай, күн,
Уақытын алсам бекерге,
Халқымнан кешірім сұраймын.
Авторы белгiсiз.